ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ҚЫТАЙЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЛІССӨЗ ӨТТІ
Бүгін Төлеби ауданы әкімдігінің конференц залында аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен кездесті. Делегация өкілдері Бейжің қаласында орналасқан «Ca Long» компаниясынан арнайы келді.
Келіссөз барысында ауданның инвестициялық әлеуеті, экономикалық мүмкіндіктері және басым бағыттары жан-жақты таныстырылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, туризм, өндіріс және қайта өңдеу салаларындағы жобалар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.
Сонымен қатар, қытайлық инвесторлар ауданда Кеңес өкіметі кезеңінде жұмыс істеп, қазіргі таңда жұмысын тоқтатқан бірқатар өндірістік орындарға қызығушылық танытты. Аталған нысандарды қайта іске қосу, жаңғырту және жаңа өндірістер ашу мүмкіндіктері талқыланды.
Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзара тиімді әріптестік орнату мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, нақты бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу жөнінде келісімге келді.