ТАУЛЫ АЙМАҚТАРДАҒЫ ТУРИСТЕРДІҢ ҚЫСҚЫ ҚАУІПСІЗДІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТАУЛЫ АЙМАҚТАРДАҒЫ ТУРИСТЕРДІҢ ҚЫСҚЫ ҚАУІПСІЗДІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
 
🇰🇿Бүгін Төлеби ауданында таулы аймақтарда туристердің қысқы кезеңдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне арналған «Таудағы қауіпсіздік және төтенше жағдайлардың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Асхат Ержанов төрағалық етті.
 
✅Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – таулы аймақтарда туризмнің дамуы жағдайында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және құтқару қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.
 
✅Жиын барысында таулы жерлерде қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру, туристік маршруттарды тіркеу тәртібі, жетуі қиын аумақтарға шығу талаптары, сондай-ақ қысқы кезеңде жиі кездесетін табиғи қауіп-қатерлердің, оның ішінде сел, сырғыма және қар көшкіндерінің алдын алу мәселелері жан-жақты қаралды.
Сонымен қатар жетуі қиын аймақтарға шығу кезінде уәкілетті органдарды алдын ала хабардар ету қағидалары түсіндіріліп, бұл талаптардың іздестіру-құтқару жұмыстарын жедел әрі тиімді ұйымдастыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
 
✅Облыстық туризм басқармасының туристік қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу және қолдау бөлімінің басшысы Ботагөз Мауленова туристік қауіпсіздіктің өңірлік туризмді тұрақты дамытудың негізгі факторы екенін айтып, туристер үшін қауіпсіз жағдай жасау өңірдің туристік тартымдылығын арттырудың маңызды шарты екенін жеткізді.
 
✅Сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ербол Альзаков таулы аймақтарда жиі орын алатын төтенше жағдайлардың негізгі себептеріне тоқталып, қауіпті учаскелерді бақылау мен алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтті.
 
✅Жедел-құтқару жасағының бастығы Рауан Дүйсенбеков таулы аймақтарда іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, қысқы кезеңге құтқару бөлімшелерінің дайындығы, техникалық жарақтандырылуы және жеке құрамның кәсіби даярлығы туралы баяндады.
 
📍Жиында қатысушылар арасында пікір алмасу өтіп, таулы аймақтарда туризм мәдениетін қалыптастыру, қауіпсіздік талаптарын кеңінен насихаттау және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.
 
✅Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша таулы аймақтарда қысқы кезеңде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
 
©️Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі