«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ: ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

«ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ» АКЦИЯСЫ: ТӨЛЕ БИ АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРҒА ТЕГІН ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ
 
🇰🇿 Бүгін Төлеби аудандық Мәдениет үйінде азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Халық заңгері» атты республикалық акция өтті. Аталған іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарға заң аясында тегін құқықтық көмек көрсету, азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қолдау білдіру болып табылады.
 
✅Акция барысында прокуратура, полиция, әділет, мемлекеттік кірістер басқармасы және өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері аудан тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес беріп, олардың жеке мәселелерін тыңдады. Келушілер құқықтық сұрақтарына нақты жауаптар алып, қажетті кеңес пен бағыт-бағдар алды.
 
✅Шараға аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Қайратұлы, аудан прокуроры Добыл Аянұлы, сондай-ақ сала басшылары мен мекеме өкілдері қатысты.
 
📌Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде мұндай іс-шаралардың қоғам үшін маңыздылығын атап өтіп «Мұндай шаралар тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтады. Әр азамат өз құқығын біліп, оны заңды жолмен қорғай білуі қажет», – деді Бауыржан Қайратұлы.
 
✅Акцияға қатысқан тұрғындар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай ашық форматтағы кездесулердің жиі өткізіліп тұруын сұрады. Олар үшін бұл — өз мәселелерін шешуге, заңды көмек алуға және мемлекеттік органдармен тікелей байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік.
 
📍«Халық заңгері» акциясы – халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтар мен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға бағытталған игі бастама. Осындай шаралар ел азаматтарының құқықтық сауатын кеңейтіп, әділ қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
 
©️ Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі