25 Қазан – Республика күні Қазақстан мемлекеттілігінің негізі қаланған тарихи күн

25 Қазан – Республика күні  Қазақстан мемлекеттілігінің негізі қаланған тарихи күн

Қазақстан Республикасының қазіргі даму жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы". Аталған құжат еліміздің мемлекеттік тәуелсіздікке ұмтылысының құқықтық және саяси негізін қалады.

Бұл күн – егемен Қазақстан тарихындағы маңызды белес, елдің шынайы тәуелсіздікке бастар жолындағы алғашқы ресми қадамы болды. 2022 жылдан бастап 25 қазан Ұлттық мереке – Республика күні ретінде күнтізбеге қайта енгізілді.

1990 жылғы 25 қазанда жарияланған Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда:

  • Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығы;
  • Республика аумағының тұтастығы мен бөлінбейтіндігі;
  • Мемлекеттік тілдің мәртебесі;
  • Экономикалық дербестік;
  • Қазақстан аумағында заңдардың үстемдігі;
  • Ішкі және сыртқы саясатты дербес жүргізу құқығы;
  • Қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік салаларындағы дербестік сияқты негізгі қағидалар бекітілді.

Аталған құжат Қазақ КСР-інің егемендігін жариялап қана қоймай, республиканың болашақтағы саяси, құқықтық және экономикалық жүйесінің негізін қалады. Бұл – 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның қабылдануына алғышарт болды.

2022 жылғы 16 қыркүйекте қабылданған заңға сәйкес, 25 қазан – Республика күні Ұлттық мереке мәртебесіне ие болды. Бұл – мемлекетіміздің саяси және құқықтық іргетасын қалаған тарихи шешімге берілген жоғары баға.

Аталған мереке еліміздің егемендігі мен мемлекеттілігінің негіздерін, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы маңызды кезеңдерді еске түсіруге, сондай-ақ өскелең ұрпаққа тарихи сананы сіңіруге бағытталған.

Бүгінде Қазақстан Республикасы – халықаралық қауымдастық мойындаған, тұрақты дамып келе жатқан, заманауи, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Осы жолдағы алғашқы саяси және құқықтық шешім – 1990 жылғы 25 қазандағы Егемендік декларациясы болды.

Республика күні – бұл елдің тәуелсіздікке ұмтылысының белгісі ғана емес, мемлекеттілікке, ұлттық бірлік пен тұтастыққа негізделген құндылықтарды ұлықтау күні.

25 қазан – Республика күні:

  • Қазақстан мемлекеттілігінің бастауы;
  • Егемен ел болу жолындағы тарихи шешім;
  • Тәуелсіздікке жетелеген саяси құжаттың қабылданған күні;
  • Халық бірлігі мен ел болашағына сенімнің нышаны.

Атаулы күн – әрбір қазақстандықтың жүрегінде елге, жерге деген мақтаныш пен жауапкершілік сезімін оятуы тиіс.

Республика күні – Ұлттық мереке мәртебесіне ие, тарихи маңызы зор күн. Бұл – ел тарихының жарқын беті, болашақ ұрпақ үшін үлгі.