Құрметті ұстаздар, ардақты білім саласының қызметкерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке – баршамызға алғаш әріпті танытып, білім нәрін сіңіріп, өмірге жол сілтеген ұлағатты ұстаздарға деген зор құрметтің көрінісі.
Ұстаз – қоғамның ең қадірлі тұлғасы. Ұлы ойшылдар да, мемлекет қайраткерлері де ұстаз еңбегін әрдайым ерекше бағалаған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» деген сөзі – осы абыройлы мамандықтың мәртебесін айқын көрсетеді.

Бүгінде Сіздер жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп қана қоймай, еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруда өлшеусіз еңбек етіп келесіздер.
Аудан тұрғындары атынан Сіздерге шексіз алғыс білдіремін!

Мемлекетіміз білім беру саласына ерекше көңіл бөліп, педагогтердің мәртебесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Бұл – ұстаз еңбегіне деген шынайы құрметтің айғағы.

Құрметті ұстаздар!
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шәкірт тәрбиелеудегі еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Ізгі тілекпен,
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов