30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституциясы күні. Биыл еліміздің басты заңы – Конституцияға 30 жыл толып отыр. Бұл күн – еліміздің тәуелсіздігін, ұлттық бірлігін, демократиялық дамуын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды заң жүзінде бекіткен тарихи күн.
1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция – Қазақстанның құқықтық негізін қалыптастырған басты құжат. Бұл – халықтың ерік-жігерін бейнелейтін, ел тағдырына жауапты маңызды шешім болды.
Конституцияның тарихи мәні:
• Мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесін айқындады;
• Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кепілдендірді;
• Билік тармақтарының өзара іс-қимылын реттеді;
• Қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің негізін қалады.
30 жыл ішінде Конституция бірнеше мәрте жетілдірілді. Әсіресе 2022 жылғы республикалық референдум нәтижесінде Конституцияның 33 бабына өзгерістер енгізіліп, Конституциялық Сот қайта құрылды, өлім жазасы алынып тасталды, суперпрезиденттік модельден бас тартуға бағытталған реформалар жүргізілді.