Биыл елімізде шетелдік орындаушылардың қатысуымен 270-тен астам концерттік іс-шара өткізілді. Жыл соңына дейін тағы 130-ға жуық концерттік бағдарлама жоспарланған. Сонымен қатар жас таланттарды анықтау, қолдау және олардың шығармашылығын дамыту мақсатында фестивальдік қозғалыс жаңа серпін алуда. 2025 жылы жалпы 40 фестиваль өткізу жоспарланған. Оның 24-і халықаралық, 16-сы - республикалық деңгейде. Бұл туралы ҚР МАМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Азамат Белқайыров ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Sadraddin және Рухия Байдүкенова 2025 жылдың 7 шілдесінде Қытайдың Циндао қаласында өткен Өнер және жастар әні фестивалінде Қазақстан атынан өнер көрсетті. Олар ШЫҰ мүше елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға үлес қосты. Әйгерім Алтынбек 25 маусымда Астанада Хосе Каррероспен дуэт орындады. 27-28 маусымда Италияның Неаполь қаласында Андреа Бочеллимен бірге өнер көрсетті. Әлемнің 400-ден астам үміткері арасынан іріктеліп, Ла-скала театры академиясында тағылымдамасына қабылданды. Мария Мудряк 15, 17, 19 шілдеде Бейжіңде Ұлттық өнер орталығында, 8-10 тамызда Сиань опера театрында Фигароның үйлену тойы операсында графиня рөлін орындайды. Бұл Қазақстан опера мектебінің кәсіби деңгейінің және халықаралық сұранысының айғағы деп білеміз», – деді спикер.