«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында су шаруашылығы саласына мамандардың жаңа буынын даярлау басталды

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында су шаруашылығы саласына мамандардың жаңа буынын даярлау басталды
 
2025 жылғы 9 сәуірден бастап ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен қазақстандық су саласы мамандарының бірінші тобы ҚХР-да біліктілікті арттыру курстарынан өтуді бастады. Бірінші топқа 30 маман кірді. Бұдан әрі Қытайда 25 адамнан тұратын тағы 3 топ білім алады. Жалпы көрші елде екі апталық біліктілікті арттыру курстарынан су саласының 105 маманы өтеді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Қазақстандық мамандар жоғары оқу орындарында емес, Қытай Халық Республикасының өндірістік учаскелері мен нысандарында «Power China» қытай компаниясымен қол қойылған меморандум шеңберінде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.
Курстардың тақырыптары қажеттіліктерге сәйкес өткізіледі:
- су шаруашылығы объектілерін жоспарлау, су тасқынының алдын алу және табиғи апаттардан болатын залалды азайту бойынша;
- табиғи апаттардан кейін қалпына келтіру және су шаруашылығы объектілерін жоспарлау бойынша;
- су ресурстарын игеру және пайдалану және суды басқару бойынша;
- су ресурстарын басқару және ағынды суларды тазарту бойынша.
Курстардан өту кезеңіндегі барлық шығын қытай тарапының есебінен жабылады.
Әрбір өңірде су шаруашылығы коммуналдық ұйымдарын құру, сондай-ақ су шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерінің алдағы 4-5 жылда зейнетке шығуы жөнінде Үкімет қабылдаған шешімді ескере отырып, су шаруашылығы мамандарына қажеттілік 1,7 мың адам мөлшерінде болжанып отыр.
Осыған байланысты су шаруашылығы саласындағы кадрлар тапшылығын болдырмау үшін ғылым және жоғары білім, су ресурстары және ирригация, сондай-ақ оқу-ағарту министрліктері су саласы үшін кадрлар даярлау жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған жол картасын қабылдады.
Жол картасы су саласының мамандарына еңбек нарығының қажеттіліктеріне талдау жүргізуді көздейтін 28 іс-шарадан тұрады. Құжатта білім беру бағдарламаларын жаңарту, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді жақсарту көзделген.