Жүйелі жұмыстар жүргізілуде

Жүйелі жұмыстар жүргізілуде
 
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, «әділдік жолы – ең қиын жол» екенін ұмытпауымыз керек. Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді. Біз барлық салада бәріне бірдей мүмкіндік беретін нағыз әділ қоғам құруымыз керек. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күрес жүргізіп жатырмыз. Бұл – еліміз үшін өте өзекті, қажетті мәселе» деп айтып өткен болатын.
«Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы» қабылданып, ауданда осы бағыттағы нақты шаралар қолға алынып, жұмыс күшейтілген.
Менің негізгі ұстанымым — ашықтық пен қоғамдық бақылау. Аудан әкімдігін азаматтар үшін ашықтық қағидасын ұстануды үнемі талап етіп отырамын. Сондықтан қоғамдық кеңестерде және тұрғындармен кездесу барысында халықтың ұсыныстарын тыңдап, қандай да бір шешім қабылдау кезінде ескеріп отырамын. Бүгінде аудан әкімдігі осындай талаппен жұмыс жүргізіп келеді.
Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аудандық комиссия жүйелі жұмыс істейді. Комиссия отырысы тоқсан сайын өткізіліп, жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша тиісті шешімдер қабылданып, нақты тапсырмалар беріліп келеді. сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске» арналған құқықтық оқу жоспары бекітіліп, жоспарға сәйкес аппарат қызметкерлері арасында 2025 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 4 рет құқықтық оқыту сабағы өткізіліп, хаттамалары түзілді.
Әр аптаның сейсенбісінде тұрғындарды жеке қабылдап келемін. Биылғы қаңтар-мамыр айларында аудан әкімінің 30 жеке қабылдауы өткізіліп, 161 тұрғын 223 мәселе көтерді. Қазіргі таңға 16 мәселе шешімін тапса, 151-і бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Қалған 56 мәселе мерзіміне сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Аудан бойынша I тоқсанда 5 915 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде көрсетілетін қызметті берушілермен кеңсе арқылы қағаз түрінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны – 37, баламалы түрде көрсету мүмкіндігі бола тұра, тікелей көрсетілген қызмет саны (қағаз жүзінде) – 98, жергілікті атқарушы органдар тарапынан ХҚКО арқылы көрсетілген мемлекеттік қызмет саны 1 458-ді құрады. АЖ арқылы электронды түрде көрсетілгені – 2 391. Ал, egov.kz, e-license.kz арқылы 1931 қызмет көрсетілді.
Бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес 4 мемлекеттік ішкі бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 10 ұсыным беріліп, барлығы орындалды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және халыққа насихаттау мақсатында ресми саитта, әлеуметтік желілерде ақпараттар жарияланып, «цифрлық форматтағы ашық есік күні» тікелей эфирде жүргізіліп, қоғамдық бақылау, қоғамдық қабылдау, тұрғындарға брошюра таратылып, түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
«Ашық әкімдік» жобасы аясында аудан әкімдігі ғимаратында халықтық кеңсе (фронт офис), азаматтарды қабылдау орталығы жұмыс істейді.
Халықтық кеңседе аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары азаматтарға салалары бойынша қызмет көрсетіп, кеңестер береді. Сондай-ақ халықтық кеңседе «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында» кез-келген азамат өздігінен ақпарат ала алады.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудағы маңызды шараның бірі. Азаматтар электронды порталдар арқылы мемлкеттік органдармен тікелей байланысқа түспей-ақ, қажетті мәселелерін шеше алады. Электронды формат тұрғындар үшін ыңғайлы және әкімдікпен тұрақты кері байланыста болады.
Бұл – бюрократиялық кедергілерді мүмкіндігінше азайтады, сонымен қатар, парақорлықтың алдын алудың тиімді жолы.
Сыбайлас жемқорлық жағдайлары жиі орын алатын саланың бірі жер қатынастары, себебі бұл салада жер телімдерін беру, рәсімдеу және пайдалану процестерінде ашықтықтың жетіспеуі мен бақылаудың әлсіздігі заңсыз шешімдер қабылдауға және жеке мүдделерді көздеуге мүмкіндік тудырады.
Осыған орай, 2024 жылы аудан аумағында орналасқан 113 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Біркөлік елді мекені мен «Ақмешіт» шатқалындағы 85 демалыс орындарының (нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбай жатқан демалыс орындары 44, нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбай және су қорғау белдеуінде орналасқан демалыс орындары 27, нысаналы мақсаты демалыс орындары ретінде заңдастырылған, алайда су қорғау белдеуінде орналасқандар 14) Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, жер телімдерін пайдаланып жатқандары анықталды.
Аталған демалыс орындарының жер телімдерін заңнама талаптарына сәйкестендіру және жер иелеріне тиісті шараларды көру мақсатында Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне хаттармен ұсыныстар жолданып, департамент тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілетіндігі туралы 15 жер пайдаланушыға хабарлама табысталды. 4 демалыс аймағының иелеріне 461,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тақырыптар аясында жергілікті «Ленгер жаршысы», «Төлеби туы», «Төлеби таңы» газеттерінде «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес баршамыздың міндетіміз!», «Сыбайлас жемқорлық — бұл қоғам дерті», «Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» және т.б тақырыптарда жыл басынан бүгінгі күнге дейін 30 мақала, әлеуметтік желілерде (фейсбук) 12 пост жарияланды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» акциясы аясында жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу, оның алдын алу бойынша 500-ден астам брошюра, 200 дана ақпараттық парақтары таратылып және адам көп шоғырланатын орындарда жарнама тақтайшаларына ілінді.
Леңгір қаласы және Қаратөбе, Кемеқалған, Зертас, Алатау, Жоғарғы Ақсу ауылдық округтерінің орталық көшелерінде орналасқан сыртқы жарнама құралдарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыпта 14 дана баннер орналастырылып, «Өкініш» және «Пара» тақырыптарында 2 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерге жарияланды.
Ауданда сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның тәуекелдерін азайту бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет тарапынан барлық қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданып жатыр. Ендігі жерде барлық азаматтар, мемлекеттік қызметшілер, жастар адалдық пен заңдылық қағидаттарын ұстанып, әділ қоғам құруға өз үлестерін қосуы тиіс.
 
Еркеғали ӘЛІМҚҰЛОВ,
Төлеби ауданының әкімі.