Олжас Бектенов ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты

Олжас Бектенов ТМД үкіметтері басшылары кеңесі отырысына қатысты
 
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Душанбе қаласында (Тәжікстан) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше елдер үкіметтері басшыларының кеңесінің отырысына қатысты. Шағын және кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, ауыр және жеңіл өнеркәсіп саласындағы өзара іс-қимыл, авиациялық қатынас, атап айтқанда, мүше мемлекеттердің әуе қозғалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Отырысқа Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадов, Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы — Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-министрі — ТМД ұйымына мүше елдер үкіметтері басшылары кеңесінің төрағасы Кохир Расулзода, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурад Гельдымурадов, сондай-ақ ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев қатысты.
Кеңес жұмысы аясында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ТМД ұйымына мүше елдер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесуі өтті.
ҮБК отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның ұйымды одан әрі дамытуға әрі оның әлеуетін нығайтуға жәрдемдесуге ниетті екенін атап өтті.
«Ынтымақтастықтың қалыптасқан тетіктерінің, елдер көшбасшыларының саяси ерік-жігері мен үкіметтерінің күш-жігері нәтижесінде ТМД кеңістігінде орнықты даму мен дәйекті экономикалық өсу қамтамасыз етілуде. Бұған өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерінің жалпы ЖІӨ көлемінің 4,5%-ға артуы дәлел. Өзара сауда-саттық тұрақтыі өсуде. Өткен жылы Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы 1,2%-ға өсіп, $37,3 млрд-қа жетті. Бұл көрсеткіштер экономикалық байланыстардың тұрақтылығын ғана емес, сонымен қатар біздің экономикаларымыз арасындағы өзара толықтырудың жоғары деңгейін көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.