Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ

Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ

Қоғамның өркениеттілігінің басты көрсеткіші – балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір баланың тыныш, бақытты және зорлық-зомбылықтан ада ортада өмір сүруі – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Себебі бала – ел болашағының тірегі, ұлттың ұрпағы. Осы орайда елімізде бала құқықтарын қорғауға бағытталған іс-шаралар, заңнамалық негіздер мен қоғамдық қолдау тетіктері жыл сайын күшейіп келеді.
Балаларға жасалатын зорлық-зомбылық – баланың физикалық немесе психологиялық дамуына орасан зор зиян келтіретін құбылыс. Ол ең алдымен отбасында басталады. Егер бала өз үйінде күнделікті ұрыс-керіс, жәбірлеу, жазықсыз жазалау сынды әрекеттерге куә болып өссе, оның санасы мен дүниетанымы сол жағдайларды қалыпты өмір салты ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл – болашақтағы агрессия, қатыгездік, суицидтік ойлар мен әлеуметтік бейімсіздікке әкелетін ауыр зардап.
Көп жағдайда отбасындағы зорлық-зомбылық әлеуметтік мәселелермен байланысты: ата-аналардың жұмыссыздығы, тұрмыстық қиындықтар, нашар әлеуметтік жағдай, білім мен тәрбиенің жетіспеуі, ішімдікке немесе басқа да зиянды әдеттерге әуестік – барлығы баланың дамуына кері әсерін тигізеді.
Алайда кез келген қиындықтан шығатын жол бар. Ең бастысы – ата-ананың өзара түсіністігі, сабырлылығы және баланың жан дүниесіне мән бере білуі. Баланың мейірімді, тәрбиелі, адамгершілігі мол азамат болып өсуі – отбасындағы жағымды психологиялық ахуалға тікелей байланысты.
Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне ерекше мән берген. «Бала – адамның бауыр еті» деп қарап, оған тек жақсыны үйретуді, еңбекке баулуды, үлкенді сыйлауға, кішіні құрметтеуге тәрбиелеуді парыз санаған. Бүгінде де осы ұлы ұстанымдарды жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіру – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Бала – ел болашағы. Оған қолайлы тәрбие мен қауіпсіз орта қалыптастыру – әр отбасының, әрбір ересек адамның жауапкершілігі. Егер біз зорлық-зомбылықсыз орта құрып, балаларымызды саналы, білімді, рухы биік азамат етіп өсіре білсек, онда еліміздің де келешегі жарқын болады.
Бақытты бала – бақытты отбасы. Ал бақытты отбасы – бақытты ел кепілі.
Төлеби ауданының ішкі саясат бөлімі мемлекеттік мекемесі
#зорлықзомбылыққақарсымыз
#зорлыққажолжоқ
#бақыттыбалалықшақ