БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС УАҚЫТЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

БАЛАЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС УАҚЫТЫН ТИІМДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
 
✅2024-2025 жылғы оқу жылының аяқталуына орай, Төлеби ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында алқалы жиын өтті. Басқосуда оқу жылының аяқталуы, соңғы қоңырау шараларын үйлестіру, ҰБТ өткізу, балалардың жазғы сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтуын ұйымдастыру, қауіпсіздікті күшейту мәселелері қаралды.
↪️Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Бекайдар Тойлыбаев кеңейтілген отырыс ұйымдастырып отырған аудан әкіміне ризашылығын жеткізді. Ауданның бас ұстазы 2024-2025 оқу жылының аяқталуы жөніндегі іс-шаралардың барысы және жазғы демалыс лагерлерінің дайындығы мен оқушылардың жазғы бос уақытын тиімді пайдалану туралы баяндама жасады.
🔹Биыл 68 мектептегі 1504 сыныпта 28176 оқушы білім алды. 1612 оқушы үздіктер қатарында болса, барлығы 103 оқушы Алтын белгіге үміткер. 6-19 мамыр аралығында барлық мектеп басшыларымен арнайы мәжіліс өткізіліп, педогогикалық және сыбайлас жемқорлықты алдын алуға бағытталған жиын өтті. Ұлттық бірыңғай тестке 1430 мектеп бітіруші қатысады.
↪️Мектеп бітірушілердің соңғы қоңырау іс-шарасының қауіпсіздік шаралары мен құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Мақсат Сейдуалиев баяндады.
↪️Жазғы демалыс лагерлерінің ғимараттары мен аулаларының жағдайын аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы Азамат Мәлік хабарлады.
↪️Жазғы демалыс лагерлерінің санитарлық талаптарының барысын аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Нұрдәулет Әбен таныстырды.
↪️Жазғы демалыс лагерлеріндегі орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың және жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларының алдын алу туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Абзал Тағаев хабарлады.
📌Жиын барысында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы лагерлерде көрсетілген бала санынан көп балаларды қабылдамауды, ас мәзірлерін дұрыс жасауды, тамақты бекітілген мәзірге сәйкес беруді, қызметкерлердің медициналық байқаудан уақытылы өтуін қамтамыз етуді, тазалау және залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бітіруші түлектердің автошерулері мен түрлі басқосуларының алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізу қажеттігін ескертті. Кафе, ресторандарда түлектерге алкогольдік сусындарды сатуға жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттігі мен мектептерде кезекшілік ұйымдастыруды жеткізді. Бекітілген шомылу орындарын қадағалауға жауапты тұлғаларды бекітіп, оның картасын әзірлеп, бекітілген шомылу орындарынан басқа аймақтарды зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Аудан аумағында орналасқан демалыс аймақтарында заң талаптарына сәйкес құтқарушылардың болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
🔹Еліміздің болашағы болып саналатын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сақтық шараларын қарастыруға арналған маңызды жиынға шақырылған барлық сала басшылары қатысқанымен, кездесуге келген аудандық полиция бөлімінің басшысы белгісіз себептермен қатысудан бас тартты.
 
©️Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі