Қ.Сәтбаев атындағы білім ордасында Ұлы Отан соғысы ардагерінің құрметіне дәрісхана ашылды

Қ.Сәтбаев атындағы білім ордасында Ұлы Отан соғысы ардагерінің құрметіне дәрісхана ашылды
Құмкент ауылындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияда Ұлы Отан соғысының ардагері Сатыев Рахманберді атындағы тарих дәрісханасы ашылды. Ардагердің өмір жолы мен елге сіңірген еңбегін ұлықтау, есімін кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған шара аясында мектептің тарих кабинеті жаңартылып, жабдықталды.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жиналған жұртшылықты 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, соғыс ардагерінің ерен еңбегі мен білім беру саласына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.
Іс-шара барысында ардагердің шәкірттері, ауыл қариялары мен туыстары да сөз алып, ұлағатты тұлғаның өнегелі өмір жолы туралы естеліктерімен бөлісті. Ардагер қалдырған рухани мұра мен тәрбиелік маңызы зор істер жайлы ой қозғап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Сатыев Рахманберді 1914 жылы қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылында дүниеге келген. Әр жылдары Самарқанд медресесінде, Қызылорда және Алматыдағы партия мектептерінде, Жамбыл зоотехникумы мен Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетінде білім алған. Еңбек жолын пионер вожатыйдан бастап, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Рота командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, бірнеше әскери марапаттарға ие болған.
Соғыстан кейін халық тергеушісі, мектеп директоры, мәдениет бөлімінің басшысы, колхоз төрағасы, аудандық тұтынушылар одағының төрағасы, халық сотының заседателі сынды лауазымды қызметтер атқарған. Өмірінің соңында тарих пәнінің мұғалімі болып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге үлес қосқан.