АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАҢА КІТАПХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАҢА КІТАПХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Аудан орталығында мәдениеттің маңызды ордасына айналатын жаңа кітапхана ғимаратының құрылысы басталды. Заманауи талаптарға сай жабдықталатын кітапханада оқу залдары, ақпараттық ресурстар орталығы, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімдер қарастырылған.
Құрылыс алаңының жалпы аумағы – 2 536, ғимараттың өзі – 496 шаршы метрді құрайды. Асфальтталған жолдар, жасыл аймақтар, көгалдандыру жұмыстары мен жарықтандыру жүйелері де жобада толық қамтылған. Кітапханаға кіреберіс алаң және автотұрақ орындары қарастырылған. Жоба климаттық және сейсмикалық жағдайлар ескеріле отырып жасалған.
Құрылыс алаңына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жауапты мамандарға нысанның сапасына қатысты талаптарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, аудан басшысы Шолаққорған ауылындағы ішкі көшелерде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың барысымен танысты. Орталық маңызы бар С. Қожанов және Жібек жолы көшелерін аралап, кешенді жөндеу және абаттандыру жұмыстарының сапасын жіті бақылады.
Шымкент бағытынан кіреберіс Ерімбетов көшесінен бастап жаңадан төселген аяқжолмен жүріп өтіп, сапасына назар аударды.
Сондай-ақ, Шолаққорған–Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағында болып, отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйімен танысты. Өнімділігін арттыру бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.