Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомоствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Жиында 2025 жылдың жылдық жоспарының бірінші тоқсанына арналған жұмыстар жөніндегі мәселелер мен өткен жылға қатысты қылмыс деңгейі, алаяқтық қылмыстар және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері талқыланды.
Созақ аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция капитаны Нұрдәулет Әбдіхашімұлы 2024 жылғы қылмыс деңгейі және алаяқтық қылмыстарының алдын алу шаралары туралы баяндама жасады. Полиция капитаны аудан аумағында тіркелген қылмыстардың статистикасын ұсынып, құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстарды азайту мақсатында атқарылып жатқан шараларды атап өтті.
Сондай-ақ Созақ аудандық полиция бөлімі басшысының қызмет жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Нұрәділ Нұрланұлы жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Көлік қауіпсіздігін арттыру, жол ережелерін сақтамаудан туындаған апаттар санын төмендету мақсатында жүргізіліп жатқан кешенді шаралар туралы егжей-тегжейлі мәлімдеді.
Өз кезегінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов жол инфрақұрылымы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жобаларға тоқталды. Сонымен қатар, жол бойындағы белгілер, жарықтандыру мен қауіпсіздік шараларының енгізілуі туралы жоспарлар да қарастырылды.
Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша Созақ ауданының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мамырхан Көшкінбайұлы өз баяндамасын ұсынды. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ оларға құқықтық тәрбие мен түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында мектептерде жүргізіліп жатқан іс-шаралар мен бағдарламалар туралы сөз қозғады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша бірқатар шешімдер қабылданды. Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудан аумағында профилактикалық жұмыстарды күшейту, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.