Аудан орталығында орналасқан Ә.Молдағұлова атындағы жалпы білім беретін мектепте ардагер ұстаздарды еске алу мен ерен еңбектерін ұлықтау мақсатында тағылымды шара өтті. Мектептің материалдық базасы нығайтылып, мектеп қабырғасында «Көргені жақсы көш бастар» тақырыбымен мектеп мұражайының салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Бұл іс-шара арқылы білім беру саласына көптеген жылдар бойы адал қызмет еткен ардагер ұстаздардың еңбегі құрметтеліп, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды қадам жасалды.
Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ұстаздарға деген құрметі мен алғысын білдірді.
-«Ұстаз – келешек ұрпақтың тәрбиесі мен білімінің негізін қалаушы. Ардагер ұстаздардың ерен еңбектерін ұлықтау – біздің болашақ ұрпаққа үлкен тәрбие. Олардың өмірі мен қызметі біз үшін әрдайым үлгі болып қала береді. Ұлағатты ұстаздардың атына ашылған дәрісханалар мен музей – осының айқын көрінісі», – деді.
Сонымен қатар, білім саласының ардагерлері де ізгі тілектерін арнап, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ұстаздық қызметтің мәні мен маңызы туралы сөз қозғап, қазіргі буынға рухани бай мұра қалдырған әріптестерінің еңбектерін жоғары бағалады. Келешек ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудегі қызметтің маңызды екенін де еске салды.
Мектеп музейінің ашылуымен қатар, ардагер ұстаздардың атына берілген дәрісханалардың да ашылу шарасы өтті. Осылайша, білім ордасының жанындағы жаңа бөлмелер әрбір ардагер ұстаздың атымен аталатын болды. Атап айтқанда, №13 Ахатаева Құрбанкүл Сандыбайқызы атындағы қыздар шеберханасы, №34 Ермаханова Гүлшат Нысанбекқызы атындағы физика дәрісханасы және №26 Отарова Үржан Ақбергенқызы атындағы ағылшын тілі дәрісханалары ашылды.
Мектеп мұражайы мен дәрісханалардың ашылуы білім беру саласындағы ұстаздардың маңызды рөлін және оларды ұлықтау арқылы қоғамның рухани және мәдени құндылықтарын нығайтуға арналған үлкен бастаманың көрінісін айқындады.