Бүгін қасиетті Құбан айт мерекесі аясында Созақ ауылдық округіне қарасты Көктөбе елді мекенінде жаңа мешіт ашылды. “Көктөбе ауылдық мешітінің” құрылыс жұмыстарын ауыл тұрғындары жұмыла көтеріп, бүгінгі таңда ел игілігіне пайдалануға берілді. Мұнда бір мезетте 100 адам құлшылық ете алады. Ауданның бас имамы Мейрамбек Әбдіқұлов жаңа мешітті қасиетті құран аятымен ашып, осы іске ұйытқы болған барша азаматтарға ризашылығын білдірді.
Ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов жергілікті тұрғындарды жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
- Қасиетті Құрбан айт мерексінде жаңа мешіттің ашылуымен барша тұрғындарды құттықтаймын. Осындай рухани ғимараттың ашылуына арқау болған азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Еліміздің бірлігі мен ынтымағы артып, иігілікті шараларымыз көп болғай,-деді.
Сондай-ақ туған жердің кешенді дамуына өлшеусіз үлес қосып, елді ізгі-мақсатқа жұмылдыра білген бірқатар ауыл азаматтарына аудан әкімінің алғыс хатын табыс етіп, құрмет көрсетті.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев құттықтауын жеткізіп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Пардабек Сақтапбергенұлы, Созақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Жақсыбаев бастаған ауыл ақсақалдары мен құрметті қонақтар тағылымы терең әңгімелер айтып, ақ баталарын арнады. Бұдан соң мешіттің ашылуына жиналған көпшілікке ас беріліп, құран бағышталды.