Бүгін киелі Түркістан қаласында облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» өнер фестивалі аясындағы Созақ ауданының мәдениет күндері өз мәресіне жетті.
«Visit Turkistan» орталығы алаңында өткен гала-концерт шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы туралы сахналық қойылымнан басталды. Сондай-ақ ежелден қарт Қаратау мен Сырды қауыштырып, алуан мәдениеттерді тоғыстырған сыр мен жырға толы Созақ өңірі туралы тарихи қойылымы ұсынылды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданның тарихы мен жетістіктеріне тоқталып, жиналған қонақтарды Түркістан облысының 5 жылдық мерекесімен құттықтады.
- Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған айтулы шарада Созақ сахарасының сайын даласында әуелете ән салған жергілікті сазгерлердің дәстүрлі әндері орындалып, ұлттық дәстүріміз бен спортымыз ұлықталды. Созақ ауданы қолөнершілер жәрмеңкесі мен кітап көрмесі өтті. Сан ғасырлық тарихтан тылсым сырын шерткен, Отра Азия мен Қазақстандағы ең көне қалалардың бірі болған киелі Түркістан төрінде ұлттық құндылығымыз бен мәдениетімізді насихаттау біз үшін үлкен мақтаныш, зор құрмет саналады,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі әншілері мен А. Жұбанов атындағы саз мектебі өнерпаздары күмбірлете күй тартып, әсем әннен шашу шашты.
Талай шәкірт баптаған талантты ұстаз Кенжебай Шал Халықаралық ән байқауларының жеңімпаздары атанған шәкірттерімен бірлесіп қазақтың дәстүрлі әндерін орындады.
«SozaQ dance», «Шабыт» би тобы мыңбұрала билеп, Аида Абдрахова шәкірттері скрипка шоуын көпшілікке ұсынды.
Дәстүрлі әндер шырқалып, төл өнеріміз дәріптелген мерекелік концертті шетелден келген туристер де қызыға тамашалап, көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Айта кетейік, Созақ ауданының мәдениет күндері аясында күні кеше Этноауылда «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты ауданның қолөнершілер жәрмеңкесі және Түркістан облысының 5 жылдығы мен Созақ ауданының 95 жылдығына арналған кітап көрмесі өтті.
Жалпы үш күнге созылған салтанатты шарада ұлттық дәстүріміз кеңінен насихатталды. Шілдехана, бесік той, келін түсіру, қамшы өру, жүн түту сынды көріністер көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, ұлттық спортымызды ұлықтау мақсатында қошқар көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, гір тасын көтеру, қол күрес түрлерінен білекті палуандар арасында сайыс өтті.
Мерекелік шара ауданымыздың 95 жылдығына орай дәстүрлі әншілер шеруімен жалғасты. «Ұлттық тағамдар – ұлт мақтанышы» атауымен ет, қарынбүрме, ұн, қуырдақ, үлпершек, өрме төстік, қымыз-қымыран, көмбе, бауырсақ және т.б. тағам түрлерінен жәрмеңке өтті. Дүйім жұрт ұлттық тағам түрлерінен дәм татып, ризашылықтарын білдірді.
Сәуір-шілде айларында өтетін фестивалдің басты мақсаты – ұлттық дәстүрді насихаттап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру мен рухани құндылықтарды нығайту.