Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивальі аясында Түркістан төрінде Созақ ауданының мәдениет күндері басталды.
Аталған шара Этноауылдан бастау алып, ұлттық дәстүріміз кеңінен насихатталды. Шілдехана, бесік той, келін түсіру, қамшы өру, жүн түту сынды көріністер көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар, ұлттық спортымызды ұлықтау мақсатында қошқар көтеру, асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, гір тасын көтеру, қол күрес түрлерінен білекті палуандар арасында сайыс өтті.
Мерекелік шара ауданымыздың 95 жылдығына орай дәстүрлі әншілер шеруімен жалғасты. Созақ сахарасының сайын даласына дейін күмбірлете күй төгіп, әуелете ән салған жергілікті сазгерлердің әндерінен шашу шашып, «Ұлттық тағамдар – ұлт мақтанышы» атауымен ет, қарынбүрме, ұн, қуырдақ, үлпершек, өрме төстік, қымыз-қымыран, көмбе, бауырсақ және т.б. тағам түрлерінен жәрмеңке өтті.
Айта кетейік, ұлттық дәстүрді насихаттап, өңірдің туристік әлеуетін арттыру мен рухани құндылықтарды нығайту мақсатында ұйымдастырылған шара үш күнге жалғасады.
27 мамыр күні сағат 15:00-19:00 аралығында Этноауыл аумағында «Ұлттық қолөнер – тәрбие көзі» атты ауданның қолөнершілер жәрмеңкесі және Түркістан облысының 5 жылдығы мен Созақ ауданының 95 жылдығына арналған кітап көрмесі өтеді.
28 мамыр күні сағат 19:00-де «Visit Turkistan» орталығы алаңында «Өнерлі өлке – Созағым» атты аудан өнерпаздарының қатысуымен Гала-концертке ұласады.