Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптары оркестрі Созақта концерт берді

Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптары оркестрі Созақта концерт берді
Созақ ауданына Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі келіп, өз өнерлерін көрсетті. «Тұран даласына күй» шашу атты гострольдік сапар аясында Қаратау шерпе күй мектебі- Теріскей өңіріне тұңғыш ат басын бұрып отыр. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі – халқымыздың музыкалық өнерін, музыкалық аспаптарын дәріптеп келе жатқан еліміздегі теңдесі жоқ музыкалық ұжым. 90 жылға жуық тарихында бұл ұжым ұлттық музыка мәдениетінің мақтанышына айналып келеді.
Бүгін созақтық өнер сүйер қауым осындай ұжымның талантты музыканттары Абылай Тілепберген, Жексен Айсынның, жерлесіміз Жұбаныш Жексенұлы, қазақтың аяулы қызы – Жеңіс Ысқақова, Айнұр Әбілдаеваның әсем әуені мен әуезді күйлерін тыңдады. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықау сөз сөйлеп, жылы лебізін арнады.
«Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бүгінгі өнері таланттар мекені Созаққа деген үлкен құрметі деп білемін. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов, «Созаққа барсаң күйшімін деме...» деп жоғары баға берген. Қазақтың шерітпе күй тарихында Қаратау күйшілік мектебінің орны ерекше. Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Жаппас Қаламбаев сынды талантты өкілдері, қазақ өнерінде есімі алтын әріппен жазылды. Қасиетті ораза айында көрермендерді әсем әуенімен тербегелі арнайы ат басын бұрған музыка ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Барлықтарыңыздың дендеріңізге саулық отбасыларыңызғға амандық тілеймін»,- деді аудан басшысы. Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев талантты жерлесіміз, қазақ ән өнерінің шоқтығы биік тұлғасы Жұбаныш Жексенұлына Созақ ауданының құрметті азаматы төсбелгісін салтанатты түрде тапсырды.
Өнер ұжымы алдымен созақтық көрермен алдында Түркештің «Көңілашар» күйін тарту етті. Тыңдарманы ерешке сезімге бөлеген шығарма, көптің көңілінен шықты.
Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Ысқақова, Айнұр Әбілдаева, әсем әнімен жырдан тарту тартты. Жаппас Қаламбаевтың қызы, Құндыз Қаламбаеваның өнеріне жерлестері ыстық ықыласын білдірді.
88 жылдық тарихы бар музыкалық ұжымның қоржынына әлемдік және қазақ әнінің мыңдаған шығармалары бар.