АУДАН БАСШЫСЫ ШУ ЖӘНЕ ТАСТЫ АУЫЛДАРЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ

АУДАН БАСШЫСЫ ШУ ЖӘНЕ ТАСТЫ АУЫЛДАРЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ БАҚЫЛАУЫНА АЛДЫ
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу және Тасты ауылдық округтеріне барып, елді мекендерде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен және әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты.
Ауылдардағы биыл асфальт жабындысы төселген ішкі көшелерді аралап, жүргізілген жұмыстардың сапасын бақылауына алды. Шу ауылында бірқатар көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, А.Иманов, С.Муханов, Айтеке би–Сәтбаев аралығы, Абай, Наурыз, Б.Серікбаев және Г.Мүсірепов көшелерінің жалпы ұзындығы 2,285 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар Шу ауылында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін стрит-воркаут алаңы мен балалар ойын алаңшасының құрылысы жүргізілуде.
Тасты ауылдық округінде А.Бейсенбаев және А.Иманов көшелеріне жалпы ұзындығы 0,985 шақырым болатын асфальт жабындысы төселді. Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайтын Атауы жоқ №4, Жібек жолы, Бейсенбаев-2 және Атауы жоқ №5 көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қиыршық тас төсеу жұмыстары атқарылды.
Аудан басшысы округ әкімдері мен салаға жауапты мамандарға атқарылып жатқан әрбір іске жауапкершілікпен қарап, орындалған жұмыстардың сапасына ерекше мән беруді тапсырды.