ЖУАНТӨБЕДЕГІ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

ЖУАНТӨБЕДЕГІ ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Жуантөбе ауылында тұрғындар игілігіне бағытталған жаңа спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының 90 пайызы аяқталып, абаттандыру және ішкі әрлеу жұмыстары атқарылуда.
Ауылға арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков спорт кешенінің құрылыс барысымен танысып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды. Жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, нысанның сапалы әрі талапқа сай пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Жаңа спорт кешені Жуантөбе ауылының 2025 жылғы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында жүлделі ІІІ орын иеленуіне байланысты ұсынылып, облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Сонымен қатар жобаға аудандық бюджеттен қосымша қаражат қарастырылған.
Батырбек Достайұлы көшесінде орналасқан спорт кешенінің құрылысы 2026 жылдың мамыр айында басталған. Нысанды қыркүйек айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Заманауи спорт нысанында күрес және бокс залдары, арнайы жаттығу залы, медициналық кабинет, жаттықтырушыларға арналған кабинеттер, жуыну және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Бұл ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, бұқаралық спортты дамытуға және жаңа спорттық мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды нысан болмақ.
Аудан басшысы ауылдағы өзге де инфрақұрылымдық және абаттандыру жұмыстарының барысын аралап көрді. Асфальт жабындысы төселген ішкі көшелердің жағдайымен танысып, жаңғыртылған саябақтар мен қоғамдық орындарды аралады.
Биыл Жуантөбе ауылында Абылай хан көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар ауылдың көркін арттыруға бағытталған абаттандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Орталық саябақ аумағына қазақ тарихындағы әйгілі үш бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бидің монументі орнатылып, елді мекеннің сәулеттік келбеті ажарлана түсті. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Батыр аналар, тыл ардагерлері мен ауылдан шыққан еңбек ардагерлерінің есімдері жазылған құрмет тақтасы қойылды.
Құрмет тақтасы орналасқан аумақ абаттандырылып, жарықшамдар орнатылып, тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалған. Бұдан бөлек, ауылдағы саябақтар жаңғыртылып, қоғамдық кеңістіктердің инфрақұрылымы жақсартылуда.