Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде алдағы жылу маусымына дайындық жұмыстарының барысы жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов баяндама жасап, жылу жүйелерін маусымға дайындау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жиында Таукент және Қыземшек кенттеріндегі жылу қазандықтарының дайындығы, қажетті мазут қорының қалыптастырылуы мен оны уақытылы жеткізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар білім беру ұйымдары мен әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы сараланды.
Бұл бойынша жауапты сала басшыларына анықталған мәселелерді дер кезінде шешіп, дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар нысандардың қысқы кезеңге толық әрі сапалы дайын болуына баса назар аударуды ескертті.
Бұдан бөлек, ауылдар мен елді мекендерді аралау барысында көтерген мәселелердің орындалуы да қаралды. Әрбір ауылдық округ бойынша жол жөндеу, құрылыс, абаттандыру және басқа да бағыттардағы жұмыстардың барысы жеке-жеке сараланды.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы атқарылып жатқан әрбір жұмыстың сапасына жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті. Жұмысты формалды түрде орындауға, салғырттыққа және кемшіліктерге жол бермеуді қатаң ескертіп, берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.