«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу, азаматтардың ақпараттық сауаттылығын арттыру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау бағытында өндіріс орындарының қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Жиындарды Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов ашып, жүргізіп отырды. Кездесулер «Kap-Logistik» ЖШС, «Волковгеология» ГРЭ-5 өндірістік бөлімшесінде және «KazAtomProm-SaUran» ЖШС-де өтті.
Жиындарға Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов, басқарманың діни бірлестіктермен байланыстар және мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімінің басшысы Фатима Айдарбекова, сондай-ақ Созақ аудандық бөлімшесінің теолог маманы Қуаныш Қосмаханов қатысты.
Кездесулер барысында терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу, интернет кеңістігіндегі күмәнді ақпараттардан сақтану және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Мамандар қатысушыларға терроризм қаупінің алдын алуда қырағылықтың маңызына тоқталып, күмәнді ақпаратқа сыни көзқараспен қарау, тек ресми әрі сенімді ақпарат көздеріне жүгіну қажеттігін атап өтті.
Кездесулер еркін форматта өтіп, өндіріс қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды.