Аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған мәжіліс өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов, Созақ ауданы прокурорының орынбасары Асылбек Туршеков, аудандық полиция бөлімі мен кент және ауылдық округ әкімдері, «Оңтүстік жолдары» МКК-ның мамандары, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, сондай-ақ салаға жауапты мамандар қатысты.
Мәжіліс барысында аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, олардың ауыр зардаптарға, оның ішінде адам өліміне әкелуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрәділ Ерман, «Оңтүстік жолдары» МКК-ның Созақ ауданы бойынша аймақ басшысы Алмас Саттаров, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов, «KAP Logistics» ЖШС-нің «ОАТБ» филиалы директорының орынбасары, сондай-ақ ауылдық округ және кент әкімдері баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді ортаға салды.
Жиында жол-көлік оқиғалары жиі орын алуы мүмкін учаскелердегі қауіпсіздік шараларын күшейту, жол белгілері мен тиісті жабдықтардың талапқа сай болуын қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысушылар арасында қауіпсіздік талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, жүргізушілерге түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.