Ауданындағы елді мекендердегі ішкі жолдардың сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Соңғы екі жылда асфальт жабындысы төселген ішкі жолдардың үлесі 66 пайыздан 88 пайызға дейін артып, жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алды.
Қазіргі таңда Абай елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 1,880 шақырымды құрайтын 4 ішкі көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар толық аяқталған жағдайда елді мекеннің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт жолмен қамтылады.
Абай елді мекеніне арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысып, асфальт жабындысының сапасы мен орындалу барысын бақылады. Жауапты сала басшыларына жұмыстарды белгіленген талаптарға сай жүргізу, жол сапасына тұрақты бақылау жасау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, биыл аудан көлемінде жалпы ұзындығы 39,5 шақырымды құрайтын елді мекенішілік 55 көшеге жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Оның ішінде Шолаққорған, Созақ, Таукент, Жуантөбе, Тасты, Шу және Қаратау ауылдық округтеріндегі жалпы ұзындығы 31,7 шақырым болатын 39 көшеге асфальт жабындысы төселеді.
Ал Қарақұр, Шаға, Ақсүмбе, Тайқоңыр, Қыземшек және Тасты ауылдық округтеріндегі жалпы ұзындығы 7,8 шақырымды құрайтын 16 көшеде қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Жол сапасын жақсарту – елді мекендердің инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасып, аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі сапалы жол инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталады.