СОЗАҚ ТӨРІНДЕ «МЕРЕЙЛІ КЕШ» — ӘНМЕН ТЕРБЕЛГЕН ӘСЕРЛІ КЕШ

СОЗАҚ ТӨРІНДЕ «МЕРЕЙЛІ КЕШ» — ӘНМЕН ТЕРБЕЛГЕН ӘСЕРЛІ КЕШ
Созақ төрінде қазақ эстрадасының тарихында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, талай буынның жүрегінен орын алған «МузАрт» тобының шығармашылық жолына 25 жыл толуына арналған «Мерейлі кеш» атты ашық аспан астындағы гала-концерт өтті.
Әсем ән мен сырлы сазға бөленген кеш аудан орталығындағы «Орталық саябақта» ұйымдастырылып, әнсүйер қауымға ерекше көңіл күй сыйлады. Саябақта стадион көрерменге толып, Созақтың қастерлі даласы өнер мен мәдениеттің, ән мен сағыныштың мекеніне айналды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, «МузАрт» тобының шығармашылық ұжымын 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Аудан басшысы 2001 жылдан бастап атап өтіліп келген Созақ ауданы жастары күнімен ұштасқан шараның маңыздылығына тоқталды. Шығармашылық ұжымға аудан тұрғындарының атынан құттықтау хат пен ықылас гүлін табыс етіп, өнердегі өнегелі жолдары үшін алғысын білдірді.
Кештің көркін қазақ әнінің көрнекті өкілдері Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Жұбаныш Жексенұлы, Заттыбек Көпбосынұлы және «Созақ серілері» бастаған аудан өнерпаздары әсем әнмен өрнектеді.
Сахна төрінен шырқалған әр ән көрермен жүрегіне жол тапты. Бірде сағынышқа бөлеп, бірде шаттыққа кенелткен әуезді әндер Созақ аспанын тербеді.
Көрермен де өнерпаздармен бірге ән айтып, қошеметін аямады. Ақ жаулықты аналардың сахна төрінде биге қосылып, шат-шадыман күйге бөленуі кештің әсерлі сәттерінің біріне айналды.
Кешті Оразхан Батырхан мен Дәурен Әсиев жүргізіп, мерекелік шараның мазмұнын ажарландыра түсті.
Ал туған жерге деген перзенттік ықыласын әнмен жеткізген Созақтың төл перзенті, «МузАрт» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев кеш соңында жерлестеріне ризашылығын білдірді. Туған жерге жасаған шығармашылық тартуын зор қошеметпен қабыл алған көпшілікке алғысын айтып, мерейлі кештің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен аудан басшысына ризашылығын жеткізді.