Жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Сессияны аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев жүргізді.
Күн тәртібінде сегіз мәселе қаралып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдер қабылданды.
Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков 2025 жылға арналған аудан бюджетінің орындалуына тоқталып, «Созақ ауданының 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасы туралы» аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 23 желтоқсандағы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде баяндама жасады.
Келесі кезекте аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекзат Мыңжасаров бөлімнің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ, Шолаққорған ауылдық округінің әкімі Жеңісәлі Бақытжанұлы округте атқарылған жұмыстарды баяндады.
Сессия барысында аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия құрамдарына өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Аталған мәселелер бойынша аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Ұлжан Шекеева баяндама жасады.
Күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.