Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытындағы жобалардың бірі – «Созақ аудандық орталық ауруханасы» ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жалғасуда.
Жоба аясында аурухана ғимараты толық жаңғыртылып, заманауи құрылыс талаптарына сәйкес қайта бейімделеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға сапалы әрі қолайлы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Аталған жобаның бас мердігері – «KazBuildCo» ЖШС. Күрделі жөндеу жұмыстары «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры» арқылы жүзеге асырылуда.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылдың 11 сәуірінде басталды. Қазіргі таңда нысанда жоспарға сәйкес демонтаж жұмыстары қарқын алуда. Сонымен қатар ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын күшейту, сыртқы қасбетке арматура қаңқаларын орнату, құрылыс қалдықтарын шығару және келесі кезеңдегі құрылыс жұмыстарына дайындық жүргізілуде.