ҒАЖАЙЫП МЕКЕН – СОЗАҚТЫҢ СҰЛУ ТАБИҒАТЫ

ҒАЖАЙЫП МЕКЕН – СОЗАҚТЫҢ СҰЛУ ТАБИҒАТЫ
Жыл сайын жаңаша қырынан танылатын тұмса әлем - Созақ өңірінің сұлу табиғаты тағы бір ғажайып келбетіне енді. Жаздың жаймашуақ күндерімен бірге Қаратау жотасының бөктерлері мен кең жазирасы ақ түске малынып, көз жетер көкжиекке дейін созылған гүлдер алқабы табиғаттың таңғажайып туындысын көз алдыңызға әкеледі.
Созақ даласын ақ кілемдей көмкерген гүлдердің жалаң гүлді құлқайыр болуы ықтимал. Биік сабағына сән түзеген ақ гүлдері мен жұмсақ түкті, әсем тілімденген жапырақтары айналаны ерекше ажарландырып тұр.
Жол бойымен созылған қалың жасыл желек пен ақ гүлдердің үйлесімі табиғаттың ғажайып суретіндей әсер қалдырады. Самал желмен баяу тербелген гүлдер кең даланың сырын шертіп тұрғандай. Әрбір қадамыңызда табиғаттың көз тоймас көрінісіне еріксіз сүйсінесіз.
Қаратаудың қоңыр белдері бірде қызғалдақтың қызыл нұрымен құлпырып, бірде ақ құлқайырдың үлбіреген әлеміне оранып, туған өлкенің сұлулығын өзгеше бедерлейді.
Дала төсіне төгілген ақ мәрмәрдей көркем өрнегі мен туған жердің осындай ғажайып көріністерін аялау – баршамыздың ортақ парызымыз.