«ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР» АТТЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

«ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР» АТТЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ
Созақ аудандық С. Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде Созақ ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, қарымды қаламгер Есенбек Кенжеғараевтың 80 жылдығына орай «Ғибратты ғұмыр» атты еске алу кеші өтті.
Тағылымға толы шараға аудан зиялылары, ардагерлер, мәдениет саласының өкілдері, қаламгердің туған-туыстары мен ізбасарлары қатысып, журналистика мен өлкетану саласына сүбелі үлес қосқан тұлғаның өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұрасы жайында сыр өрбітті.
Кештің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, қаламгердің ауданның рухани-мәдени өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті. Өз сөзінде ел тарихын түгендеп, өлкенің шежіресін хатқа түсірудегі еңбегі кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес мұра екенін жеткізді.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы Сағынтай Мұсабеков, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асқар Мыңжасар және «Созақ үні» газетінің редакторы Мақсат Қарғабай естеліктерімен бөлісіп, қаламгердің азаматтық болмысы мен шығармашылық ізденістеріне тоқталды.
Кеш барысында қаламгердің шығармашылық мұрасынан үзінділер оқылды.
Шараның тағылымды сәттерінің бірі – жазушының қызы Нұргүл Есенбекқызының әке рухына деген сағыныш пен перзенттік құрметтен туған «Ғибратты ғұмыр» атты кітабының тұсауы кесілді.
Саналы ғұмырын журналистика мен өлкетану ісіне арнаған Есенбек Кенжеғараевтың қаламынан көптеген құнды еңбектер дүниеге келді. Атап айтқанда, «Теріскей түлектері жауынгерлік сапта», «Сахара самалы», «Мен Созақтың перзентімін», «Сырлы Созақтың сағы», «Байланыстың күре тамыры», «Мылтықсыз майдан ерлері», «Өнер өрісі» кітаптары мен Созақ ауданының 90 жылдығына орай жарық көрген «Созақ энциклопедиясы» – өлке тарихын зерделеген маңызды туындылардың қатарында.