ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары жөніндегі мәжіліс өтті. Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров ашып, жүргізді.
Жиынға Созақ ауданы прокурорының орынбасары Асылбек Туршеков, аудандық полиция бөлімі, «Оңтүстік жолдары» МКК-ның өкілдері мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы және салаға жауапты мамандар қатысты.
Мәжілісте соңғы кезеңде аудан аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, оның ішінде адам өліміне әкелген жол апаттарын болдырмау бағытындағы жұмыстар жан-жақты қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Нұрәділ Ерман мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде хабарлады.
Сондай-ақ, «Оңтүстік жолдары» МКК-ның Созақ ауданы бойынша аймақ басшысы Алмас Саттаров облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстарының барысына тоқталып, жолдарды күтіп ұстау, жолақтарды қайта сызу және жол белгілерін орнату бағытындағы жоспарлары туралы баяндады.
Жиында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, нақты нәтижеге қол жеткізу қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп, жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмысын жандандыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.