Түркістан қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі «Балтаңдай» облыстық балалар өнер фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған өнер мерекесінде Түркістан облысының түкпір-түкпірінен келген талантты балалар ән, би, сурет, терме және драма жанрлары бойынша бақ сынасып, шығармашылық қабілеттерін көпшілікке паш етті.
Облыстық деңгейдегі байқауда Созақ ауданының жас өнерпаздары жоғары нәтиже көрсетіп, туған өлкенің мерейін үстем етті.
Фестивальдің терме жанры бойынша өткен сайысында созақтық жас талант Жетпіс Зере үздік өнерімен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде жүлделі І орынды қанжығасына байлап, аудан абыройын асқақтатты.
Ал драма жанры бойынша Таукент кенті мәдениет үйінің жанынан құрылған «Таукент драма үйірмесінің» өнерлі оқушылары сахна мәдениеті мен актерлік шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетіп, ІІ орынға тұрақталды. Жас өнерпаздардың сахналық қойылымы көрермендер мен қазылар тарапынан зор ықыласқа бөленді.
Сонымен қатар, ән жанры бойынша қатысқан кішкентай бүлдіршін Елікбай Айкөркемнің өнері де ерекше аталып өтіп, фестивальдің Арнайы алғыс хатымен марапатталды.