СӨЗ БЕН САЗ ТОҒЫСҚАН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ

СӨЗ БЕН САЗ ТОҒЫСҚАН РУХАНИ КЕШ ӨТТІ
Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қоғам қайраткері, ақын, жазушы, сатирик Әкім Әбдіқайымұлы Ысқақтың «Сөз бен саз» атты «Мен Созақты сүйемін» әдеби-музыкалық шығармашылық кеші өтті.
Рухани кештің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы ұлт руханиятын ұлықтаудағы әдебиет пен өнердің маңызына тоқталып, мұндай тағылымды кездесулердің өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше екенін атап өтті.
– Қазақ халқы қашанда сөз өнерін қастерлеген халық. Әдебиет пен өнер арқылы ұлттың тарихы, тағдыры, арманы мен мұраты ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. «Мен Созақты сүйемін» атауының өзі туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікті, елге деген құрметті білдіреді. Осындай рухани кештер жастардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, елжанды болып қалыптасуына ықпал етеді, – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ, аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы белгілі қаламгер Әкім Ысқаққа құрмет көрсетіп, аудан халқының ықыласын жеткізіп, арнайы құттықтау табыстады.
Кеш барысында Әкім Әбдіқайымұлы Созақ жеріне арналған жаңа арнауын оқып, аудан жұртшылығына алғысын білдірді. Сонымен қатар шығармашылық жолы, өнер мен әдебиеттің қоғамдағы орны және туған жер тақырыбы төңірегінде әсерлі ойларымен бөлісті.
Сөз бен саз үндескен тағылымды шараның көркін ауданның жас өнерпаздары аша түсті. Әкім Ысқақтың сөзіне, созақтық сазгер Мамырғали Байстың әніне жазылған әсем туындыларды орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Көрерменге ерекше әсер сыйлаған рухани кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылып, аншлагпен өтті.