Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кенті мен Жуантөбе ауылына жұмыс сапарымен барып, елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты.
Сапар барысында кенттегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, олардың қазіргі жай-күйін бақылауына алды. Нысандарды күтіп ұстау, санитарлық талаптарды сақтау және аумақтарын абаттандыру мәселелері бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан басшысы әр нысан тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуі тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Жуантөбе ауылындағы ішкі көшелерді аралап, тазалық пен көркейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды назарға алды. Ауылдағы жаңадан бой көтерген Жуантөбе саябағына арнайы барып, оның бүгінгі жағдайымен танысты.
Аудан әкімі округ басшысына саябақ аумағын жүйелі түрде абаттандырып, жасыл желекпен толықтыру қажеттігін тапсырды. Бұл ретте ауыл тұрғындары үшін жайлы әрі қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Өз кезегінде округ әкімі саябақ аумағында демеушілер есебінен жүзеге асырылатын жобалармен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы барлық деңгейдегі жауаптыларға жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау керектігін ескертіп, әр іске жауапкершілікпен қарауды, салғырттыққа жол бермеуді қатаң тапсырды.