ТАУКЕНТ КОМАНДАСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «TORLAN CUP» ТУРНИРІНДЕ ІІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ

ТАУКЕНТ КОМАНДАСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «TORLAN CUP» ТУРНИРІНДЕ ІІ ОРЫН ИЕЛЕНДІ
Аудан орталығындағы «Достар» стадионында кіші футболдан 2015–2016 жылы туған жасөспірімдер арасында республикалық «Torlan Cup» турнирі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталған жарысты Созақ аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі өткізсе, «Торлан Строй» ЖШС демеушілік қолдау көрсетті.
Дәстүрлі спорттық додаға аудан командаларымен қатар еліміздің әр өңірінен келген барлығы 12 команда қатысып, жас футболшылар өзара мықтыны анықтады.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұндай жарыстардың жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттырудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен спорт ардагері Анарбай Шәдібеков жас спортшыларға ақ тілектерін арнады.
Жарыс барысында командалар 4 топқа бөлініп, тартысты ойындар нәтижесінде әр топтан үздік шыққан командалар плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Турнир қорытындысы бойынша:
І орын – «Махамбет» ФК (Атырау облысы)
ІІ орын – «Таукент» ФК (Созақ ауданы)
ІІІ орын – «Арланс» ФК (Шымкент қаласы)
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ үздік ойыншыларға «Торлан Строй» ЖШС тарапынан арнайы кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды.