А. БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕ ЖАҢАРТЫЛҒАН ТАРИХ ДӘРІСХАНАСЫ АШЫЛДЫ

А. БАЙТҰРСЫНОВ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕПТЕ ЖАҢАРТЫЛҒАН ТАРИХ ДӘРІСХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Ауданда білім беру саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. А. Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектепте жаңартылған тарих дәрісханасы салтанатты түрде ашылды.
Дәрісхана ардагер ұстаз, саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Тұрысбекова Манат Қияқбайқызының еңбегін ұлықтау мақсатында ашылып отыр. Заманауи талаптарға сай жабдықталған оқу кабинеті демеуші Мұхтар Тұрысбековтің қолдауымен толық жаңартылды. Мұнда білім алушыларға сапалы білім беруге барлық жағдай жасалған.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ізгі тілегін білдірді. Өз сөзінде білім беру сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі екенін атап өтіп, ауданда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.
Шара барысында ұстаздың туыстары мен замандастары сөз сөйлеп, Манат Қияқбайқызының саналы ғұмыры мен педагогикалық еңбегін сағынышпен еске алды. Сонымен қатар, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Сексенбай Тұрысбеков ақжарма тілегін білдіріп, игі бастамаға батасын берді. Замандастары мен әріптес болған ардагер ұстаздар естеліктерімен бөлісіп, Манат апайдың ұстаздық болмысы мен адамгершілік қасиеттерін ерекше ілтипатпен атап өтті. Сондай-ақ, ұл-қыздары сөз алып, аналарының өнегелі өмір жолы мен тәлім-тәрбиесі туралы жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Айта кетейік, Манат Қияқбайқызы 1956 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. 1990 жылдан бастап А. Байтұрсынов атындағы мектепте тарих пәнінен сабақ беріп, көптеген шәкірт тәрбиелеген. Тәжірибелі ұстаздың еңбегі аудандық және облыстық деңгейде жоғары бағаланып, «Жыл мұғалімі – 93» байқауында жүлделі II орын иеленген. Сонымен қатар, «Ауданның экологиялық ахуалы» тақырыбындағы ғылыми жобасы жүлделі орын алып, облысқа ұсынылған. Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.