АУДАНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА МАЛЫНЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

АУДАНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА МАЛЫНЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Ауданда етті бағыттағы мал басын арттыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Каз плем завод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы ауданға 1 474 бас «Калмық» асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал әкелінді. Оның ішінде 1 245 басы аналық, 229 басы өткен жылғы төлдер.
Шаруа қожалық әкелінген мал басын ауданның арнайы жер қорындағы Бетпақдала аумағынан бөлінген 5 000 гектар жайылым жерге орналастыруда. Бұдан бөлек орман қоры жерінен 9000 гектар жайылым жерге келісім шартқа отырған. Қазіргі таңда барлық мал ауданға тіркеліп, ветеринариялық есепке алынды.
«Каз плем завод» ЖШС 2020 жылы Түркістан облысы, Арыс қаласында құрылған. Серіктестік ауданның жайылымдық әлеуетіне байланысты Бетпақдала аумағына қоныс аударып, асыл тұқымды мал шаруашылығын қарқынды дамытуды қолға алған. «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара етті бағыттағы, шөл және шөлейт аймақтарға және суыққа төзімді, жоғары өнімді мал түрі.
Алдағы жоспарларымен бөліскен серіктестік төрағасы Мамытхан Әлімханұлы -«Бұл кәсіпті 2020 жылдан бастап қолға алдық. Қазіргі таңда әкелінген малдар толықтай ауданға тіркелді. Биыл мал басын тағы 1 500 басқа арттыруды жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды малдар Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан жеткізілді. Аналық бастарын көбейтіп, аталық малдарды 4 жастан бастап экспортқа бағыттауды көздеп отырмыз. Биылғы жылдың басынан бастап ішкі нарық қажеттілігін өтеу мақсатында 10 365 келі тірі салмақта ет өнімдерін өткіздік», – дейді.
Аталған жобаның іске асырылуы ауданның мал шаруашылығын дамыту мен ет өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.