Созақ аудандық ардагерлер кеңесі мен «AMANAT» партиясы Созақ аудандық филиалына су жаңа Chevrolet Cobalt автокөліктерінің кілті салтанатты түрде табысталды.
Қос бірдей жаңа көлік Созақ ауданының тумасы, кәсіпкер азамат Сырым Сексенбайдың демеушілігімен алынып, ел игілігіне берілді.
Іс-шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов демеуші азаматқа ризашылығын білдіріп, елге жанашыр азаматтардың қолдауы қашанда маңызды екенін атап өтті. Ал спорт ардагері, ауданның Құрметті азаматы Анарбай Шәдібеков игі іске батасын берді.
Өз кезегінде кәсіпкер Сырым Мағауияұлы
-«Туған жерге қызмет ету әрбір азаматтың парызы. Ардагерлеріміздің ақыл-кеңесі мен қоғамдық ұйымдардың жұмысы әрдайым елдің бірлігіне қызмет етеді. Осы жолда аз да болса үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе», – деді.
Айта кетейік, игі бастама ардагерлер ұйымы мен партия филиалының күнделікті қызметін тиімді ұйымдастыруға, қоғамдық жұмыстарды жандандыруға мүмкіндік береді.