Аудандағы бірқатар білім беру ұйымдарында «Жасыл мектеп» экологиялық бағдарламасы іске қосылуда. Бағдарлама ECO Network жобасы арқылы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылуда. Аталған жобаға ауданның 5 жалпы білім беретін мектебі қатысады.
Жобаны іске асыруға «КАТКО» бірлескен кәсіпорны ЖШС демеушілік көрсетіп отыр. «Жасыл мектеп» бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушылардың экологиялық білімін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапты көзқарасты дамыту.
Бүгін жоба аясында Асқар Сүлейменов, І. Кеңесбаев және Сүгір Әліұлы атындағы жалпы білім беретін мектептерде экология, қалдықтарды бөлек жинау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және тұрақты даму қағидаттары бойынша ақпараттық-таныстыру шаралары өткізілді.
Ал 14 қаңтар күні бағдарлама Абай және Ж. Қалымбаев атындағы жалпы білім беретін мектептерде жалғасын табады.
Жоба аясында әр мектепте ECO Network компаниясының эко-тренерлерінің сүйемелдеуімен барлық модульдерді іске асыратын «Эко-рейнджерлер» клубтары құрылады.
Бағдарламаның бірінші жылының қорытындысы бойынша мектептерде, сондай-ақ оқушылардың бастамасымен олардың отбасыларында қалдықтарды бөлек жинаудың тұрақты тәжірибесін қалыптастыру көзделіп отыр. Оқушылар жинаған сұрыпталған қалдықтардан түрлі бұйымдар дайындалып, қатысушыларға сыйлық ретінде табысталатын болады. Атап айтқанда, брелоктар мен телефонға арналған тұғырлар және шахмат тахтасы сынды заттар жасалады.