СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНДА 18 НЫСАН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНДА 18 НЫСАН ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
Созақ ауданында желтоқсан айында инженерлік, әлеуметтік, спорттық және инфрақұрылымдық бағытта 18 жаңа нысан пайдалануға беріліп, ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Соның ішінде 11 нысан бір тәулік ішінде ашылып, аудан тарихындағы серпінді кезеңдердің біріне айналды.
Аталған айда Құмкент ауылында «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы ашылып, зейнет жасындағы ардагерлер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік туды. Орталықта бір мезетте 30 адамға дейін қабылданып, 10 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ауыл спортына серпін беріліп, Құмкент, Жартытөбе, Жуантөбе, Шу және Тасты ауылдарында жабық үлгідегі кіші футбол алаңдары пайдалануға берілді. Осы жылы 6 ауылдық округтен жабық үлгідегі кіші футбол алаңдары ашылды.
Сонымен қатар, Созақ ауылында жалпы аумағы 1,5 гектарды құрайтын, екі қабатты заманауи спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, бокс пен күрес залдары, жаттығу залы, медициналық кабинет және қосалқы бөлмелер толық қамтылған.
Тұрғын үймен қамту бағытында Шолаққорған ауылындағы Жеткіншек шағын ауданында екі қабаттан тұратын 16 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, апатты үйлерде тұрған отбасылар жаңа баспанаға қоныстанды.
Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін табуда. Қаратау ауылы және Созақ ауылы мен Шақырық бөлігінде ауыз су жүйелері жаңартылып, мыңдаған тұрғындар сапалы әрі таза ауыз сумен қамтылды.
Денсаулық сақтау саласында Аққолтық елді мекені мен Шу ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылса, білім саласында М. Әуезов атындағы мектепке қосымша ғимарат пайдалануға берілді.
Жуантөбе ауылында жаңа саябақ ашылып, тұрғындар үшін жайлы демалыс кеңістігі қалыптасты. Құмкент ауылында заманауи үлгідегі сахнаның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа нысанда көрермендерге арналған орындар, күннен қорғайтын навес, жарықтандыру шамдары толық қарастырылған. Заман талабына сай салынған сахна ауыл тұрғындарының мәдени-көпшілік шараларды жоғары деңгейде өткізуіне, концерттер мен түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға үлкен мүмкіндік береді.
Бұған қоса, Құмкент, Қызылкөл және Сызған ауылдарында балалар ойын алаңшалары іске қосылды.
Айта кетейік, ашылған нысандардан бөлек бүгінгі таңда Жуантөбе ауылында салынған полиция пунктінің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға беруге дайын. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынған екі қабатты үш тұрғын үйдің (жалпы 24 пәтер), сондай-ақ екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің, яғни 52 пәтердің де құрылысы толық аяқталды. Осылайша Жеткіншек мөлтек ауданында жалпы саны 76 пәтерден тұратын тұрғын үйлер қолданысқа енгізуге дайын.