Қызылкөл елді мекенінің тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты жаңалық орын алды. М.Әуезов атындағы шағын жинақты мектепке жеке инвестор есебінен салынған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Білім ордасына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қосымша ғимараттың жұмысымен танысты. Аудан басшысы ауыл тұрғындарын және білім саласы қызметкерлерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Биылғы жыл аудан үшін табысты болғанын атап өтіп, білім саласының әлеуетін арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев те тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Білім саласында қызмет еткен ауыл ардагерлері соңғы 15 жыл бойы көтеріліп келген өзекті мәселенің шешімін тапқанын қуанышпен жеткізді. Игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын білдірді.
Салтанатты шарада мектептің өнерпаз оқушылары жаңа ғимаратта орналасқан мәдени іс-шаралар залының ашылуын өнерлерімен өрнектеп, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. Аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы оқушылардың өнерін жоғары бағалап, жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, қуаныштарымен бөлісті.
Жалпы аумағы 288 шаршы метрді құрайтын екі қабатты қосымша ғимаратта мәдени іс-шаралар өткізуге арналған зал, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана кабинеттері, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, сондай-ақ жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне арналған арнайы бөлмелер қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін аудандағы 34 мектептің барлығы дерлік типтік үлгіде болса, Қызылкөл елді мекеніндегі бұл білім ошағы ғана ыңғайластырылған ғимаратта жұмыс істеп келген. Жаңа қосымша нысанның пайдалануға берілуімен енді аудандағы барлық 35 мектеп типтік үлгіде жұмыс істейтін болады.