Тасты ауылында заманауи талаптарға сай салынған жабық үлгідегі кіші футбол алаңы пайдалануға беріліп, ауыл тұрғындары қуанышты сәттің куәсі болды.
Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов құттықтау сөз сөйледі. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуі мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған нысанның маңызын атап өтті.
Шара барысында ауыл тұрғындары мен ардагерлер сөз алып, жаңа спорт алаңының жастар үшін үлкен мүмкіндік екендігін айтып, атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын білдірді.
Тасты ауылында пайдалануға берілген бұл спорт нысаны биылғы жылы аудан көлемінде ашылған жабық үлгідегі кіші футбол алаңдарының алтыншысы болып отыр. Бұған дейін мұндай спорт нысандары бес ауылдық округте пайдалануға берілді.
Нысан соңғы үлгідегі талаптарға сай жабдықталған. Аумағы толық қоршалып, спортшыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған.
Айта кетейік, биылғы жылы Тасты ауылдық округінде бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ауылдық округ әкімінің жаңа әкімшілік ғимараты салынды. Ауылға кіреберіс аймақтар мен балалар ойын және воркаут алаңдарына барлығы 5 бейнебақылау камерасы орнатылды.
Сонымен қатар, «Созақ–Тасты–Қылти» автожолының құрылысы толық аяқталып, ауыл ішіндегі Сейфуллин, Наурыз, Бауыржан және Амангелді көшелеріне асфальт жабындысы төселді. Ал Бейсенбаев, Амангелді және №1 атауы жоқ көшелерге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Демеушілік қолдаудың нәтижесінде «Белес» спорттық-сауықтыру кешені ашылды.
Ауыл инфрақұрылымын жақсарту бағытында Амангелді, Жібек жолы, Қырықкепек, А. Бейсенбаев және Жібек жолы көшелеріне көше жарықшамдары орнатылды. Бұған қоса воркаут алаңы мен балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Сонымен бірге «Мен өз елімді жақсы көремін» монументі мен LED экран орнатылып, Мәдениет үйінің жанынан сквер салынды. Ауыл кіреберісіндегі арканы абаттандыру және безендіру жұмыстары да жүзеге асырылды. Бұдан бөлек, округ аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы жүргізілуде.