Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков облыс көлеміндегі байқауларда аудан абыройын асқақтатқан ардагер өнерпаздар мен үздік деп танылған белсенді жастарды арнайы қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесу барысында жеңімпаздарға алғыс хаттар мен естелік сый-сияпаттар табыс етілді.
Қабылдауға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, Түркістан қаласында өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған облыстық «Жеңіске тағзым» патриоттық ән байқауында жүлделі I орынды иеленген «Сырлы Созақ» квартетінің мүшелері, сондай-ақ «Үздік жастар премиясы – 2025» байқауында жеңімпаз атанған Созақ ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұжымы қатысты.
Кездесу барысында аудан басшысы еркін форматта пікір алмасты. Бұл жеңістердің бүкіл Созақ жұртының ортақ қуанышы екенін, мұндай табыстар ел бірлігін нығайта түсетінін жеткізді. Ауданда атқарылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жұмыстарға тоқталып, жастар арасында кездесетін интернет-алаяқтық, электронды құрылғыларға тәуелділік және зиянды әрекеттердің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды. Жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу мен ардагерлердің өнегелі рөлінің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов көрсетілген құрмет пен қолдау үшін ризашылығын білдірді.