Созақ аудандық мәслихатының кезекті отыз бесінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, мәслихат депутаттары, тиісті мекеме мен бөлім басшылары, ауылдық округтер мен кент әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия отырысын аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Мырзабекұлы ашып, жүргізді.
Күн тәртібіне сәйкес, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері туралы есебі тыңдалды. Аталған мәселе бойынша бөлім басшысы Ербол Аманов баяндама жасап, салада жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды. Мәслихат депутаттары тарапынан бірқатар ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
Сонымен қатар, сессияда Созақ ауданының 2026–2030 жылдарға арналған даму бағдарламасын бекіту туралы аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков хабарлама жасады. Бағдарламада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен басымдықтары айқындалды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйлеп, аудан көлемінде барлық сала бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
– Бүгінде ауданда инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, жол салу және әлеуметтік нысандарды іске қосу бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Алдағы кезеңде де ауданның даму қарқыны одан әрі еселене түседі. Бұл – баршамыздың бірлескен еңбегіміздің нәтижесі. Ынтымақпен атқарылған жұмыс міндетті түрде оң нәтиже береді, – деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы мәслихат депутаттарына, сала басшыларына және аудан дамуына өз үлесін қосып жүрген барша азаматтарға алғысын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.