Бабата елді мекенінде аз қамтылған отбасыға «Қазфосфат» ЖШС-нің демеушілігімен тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы мақсатта ауылға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жаңа баспананың кілтін табыстап, үй иесін қоныс тойымен құттықтады.
Салтанатты шара барысында ауыл қариясы Садық Әбдірашұлы аталған игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар баспана иесінің қуанышын бөлісіп, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, Бабата елді мекенінде табысталған тұрғын үй барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Атап айтқанда, су және жылу жүйелеріне арналған жеке бөлмелер қарастырылып, жылу жүйесі толық орнатылған. Сонымен қатар, 20 сотықтан астам жер телімі арнайы шарбақпен қоршалып, қора-жайы қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді.