Созақ ауданында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында аудан әкімінің кубогына арналған шахмат турнирі ұйымдастырылды. Зияткерлік спортты дәріптеуді мақсат тұтатын бұл дода биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, турнирдің жас буынды ой-өрісі дамуында, логикалық ойлау қабілетін арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай бастамалардың алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, спорт ардагері, ауданның Құрметті азаматы Анарбай Шәдібеков және ауыл қариялары жас спортшыларға жүрекжарды ақ тілектерін арнап, бұқаралық спортты дамытуда мұндай жарыстардың орны ерекше екенін айтты.
Турнирге ауданға қарасты ауылдар мен елді мекендерден келген 100-ге жуық жасөспірім қатысып, өз өнерлері мен шеберліктерін көрсетуде. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше санат бойынша сынға түсіп, үздік ойыншылар финалдық кезеңге жолдама алмақ.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің кубогымен, медальдар және арнайы сыйлықтармен марапатталатын болады.