Түркістан қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні құрметіне «AGROFEST TÚRKISTAN – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті. Ауқымды шара аясында өңір диқандарының 300 тоннадан астам өнімі ұсынылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, қайта өңдеу кәсіпорындарының көрмесі және «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жүзеге асқан өнімдер көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. Ауыл шаруашылығы саласында жоғары нәтиже көрсеткен аудандар мен еңбек озаттарына арнайы марапаттар табыс етті.
Созақ ауданы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін арттыру бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Облыс бойынша ІІІ орынға ие болып, аграрлық салада үздік аудан ретінде танылды. Сонымен қатар, «Алатау» шаруа қожалығының төрағасы Есбол Нахшбекұлы «Жылдың үздік түйе өсірушісі» номинациясымен марапатталды.