АУДАНДА БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, САПАЛЫ БІЛІМ АЛУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА

АУДАНДА БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП, САПАЛЫ БІЛІМ АЛУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА
«KATKO» БК ЖШС және Orano Mining компаниясы басшылығының жұмыс сапары Таукент кентінде жалғасты. Orano Mining аға вице-президенті Ксавье Сен-Мартен Тийе, KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки, аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов және KATKO коммуникациялар және КӘЖ басқармасының басшысы Айнаш Шеңгелбаева І.Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте болды. KATKO ұсынған жаңа интерактивті оқу жабдықтарымен танысты.
Orano Mining стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан білім беру жобасы Тасты, Шу және Таукент мектептеріндегі 10 оқу кабинетін жаңғыртуды қамтиды. Жобаның жалпы құны 104 млн теңгеден асады, оның ішінде Таукентке бағытталған инвестиция көлемі 39,5 млн теңге.
Делегация толық жаңғыртылған Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі және физика кабинеттерін аралап көрді. Кабинеттер интерактивті 4K панельдермен, компьютерлермен, мультимедиялық жүйелермен, жаңа парталар және орындықтармен жабдықталды. Тарих кабинеті жаңа карталар мен әдістемелік материалдар жинағымен толықты. Физика кабинеті 100-ден астам зертханалық құралдармен, датчиктермен және модельдеу бағдарламалық жасақтамасымен қамтамасыз етілді. Қазақ және орыс тілі кабинеттері заманауи цифрлық оқыту технологияларымен жабдықталған.
Bілім саласынан бөлек, KATKO компаниясы Созақ ауданында әлеуметтік қолдау шараларын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, балаларға жаңа жылдық сыйлықтар тарату, ардагерлерге газет-журнал жазылымын қамтамасыз ету, студенттерге стипендиялық қолдау, қыс мезгілінде жүздеген отбасына көмір жеткізу және көгалдандыру мен жарықтандыру жобаларын атқарып келеді. 2025 жылғы әлеуметтік бағдарламалар бюджеті 300 млн теңгеге жуық. Жалпы, компания өңірде 6,3 млрд теңгеге жуық 450-ден астам жобаны іске асырған.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов компания тарапынан көрсетілген қолдаулар үшін алғысын білдірсе, KATKO Бас директоры Закария Эль Марзуки білім беру саласы компанияның басым бағыттарының бірі екенін атап, алдағы уақытта да қолдауды жалғастыратынын жеткізді.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың 22 қазанында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков KATKO компаниясының бас директоры Закария Эль Марзукимен кездесіп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша алдағы үш жылға арналған ортақ даму жоспарын бекіткен болатын. KATKO компаниясы Созақ ауданымен ынтымақтастықты стратегиялық бағыт ретінде қарастырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен әлеуметтік осал топтарды қолдауды басты басымдыққа алады.