ӨЛКЕ БАСПАСӨЗІНІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ – «СОЗАҚ ҮНІ» ГАЗЕТІНЕ 95 ЖЫЛ

ӨЛКЕ БАСПАСӨЗІНІҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ – «СОЗАҚ ҮНІ» ГАЗЕТІНЕ 95 ЖЫЛ
С. Қожанов атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде Созақ өңірінің ақпарат айнасына айналған аудандық «Созақ үні» газетінің 95 жылдық торқалы тойы кең көлемде аталып өтті.
Өлке баспасөзінің қара шаңырағы саналатын басылымның тарихы сонау ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Қиын-қыстау кезеңде елдің тұрмыс-тіршілігін, саяси-әлеуметтік жаңалықтарын халыққа жеткізуді мақсат еткен аудандық газет уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінде өңірдің рухани өмірінде өзіндік орны бар ақпарат құралына айналды.
Мерекелік іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұзақ жылдар бойы басылымның дамуына үлес қосқан қызметкерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудандық ардегерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мыңжасар Асқаров, ардагер журналист Қасымжан Өмірұлы басылым ұжымына шығармашылық табыс тіледі.
Салтанатты шара барысында «Созақ үні» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын-жазушы Мақсат Қарғабай газет тарихына арналған мазмұнды баяндама жасады.
Мерекенің ажарын аймақтың өнерпаздары орындаған «Теріскей», «Созағым» әндері мен күмбірлеген күйлер түрлендіріп, салтанат сәнін арттырды.
Сондай-ақ, басылымның байырғы тілшілері, ардагер журналистер мен еңбек ардагерлері сөз сөйлеп, жылы естеліктерімен бөлісті.
Салтанатты кеш барысында музей қабырғасынан аудандық газеттің тарихы мен жетістіктеріне негізделген экспозициялық бұрыш ашылды.
«Созақ үні» – Теріскей елінің үнін, аймағымыздың тыныс-тіршілігін айқын бейнелейтін рухани айна, ел шежіресінің шынайы жылнамасы.